Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елімізде жұмыс істеуге рұқсат етілген 14-18 жас аралығындағы 1,7 миллион жасөспірім тұрады. Қазіргі таңда олардың 5,3 мыңы ресми түрде еңбекпен қамтылған. Оқушылар көбіне курьер, даяшы, сатушы, аниматор және абаттандыру жұмыстарының көмекшісі болып жұмыс істейді.
Жыл басынан бері enbek.kz порталы арқылы мыңнан астам жасөспірім жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар оқушылар айлығы кемінде 103,8 мың теңге болатын қоғамдық жұмыстарға қатыса алады.
100 мыңға жуық бала мен ата-ана арасында жүргізілген сауалнама жұмыс істейтін жасөспірімдердің 70 пайызының еңбек шартын рәсімдемей жұмыс істегенін көрсетті. Олардың көпшілігі жалақының кешіктірілуі мен еңбек жағдайларының бұзылуына тап болған.
Осы мәселелерді шешу үшін билік еңбек заңнамасына түзетулер әзірлеп, жұмыс берушілерге бақылауды күшейтіп, кәмелетке толмаған қызметкерлерді қорғау шараларын кеңейтуді жоспарлап отыр. Негізгі мақсат — жасөспірімдердің жазғы жұмыспен қамтылуын қауіпсіз, заңды әрі әлеуметтік тұрғыдан қорғалған ету.
