Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЕРЕКШЕ АГРОБИЗНЕС ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, тоқыма және жылыжай өнеркәсібі бағытында бірқатар инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жаңа бағыттардың қатарында банан мен лимонды өнеркәсіптік көлемде өсіру де бар.

Сауран ауданында «Түркістан ет өнімдері» ЖШС-нің «Малшылар ауылы» мал шаруашылығы кешені салынуда. Жоба бордақылау алаңын, мал сою пунктін және «Mutalib Agro» кооперативінің қосымша 30 алаңын қамтиды. Сонымен қатар ауданда тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «Тұран су» кәсіпорны жұмыс істейді.

«Түркістан тоқыма» ЖШС-нің тоқыма кешеніне 86,2 млрд теңге инвестиция салынған. Кәсіпорынның алғашқы кезеңі 2025 жылы іске қосылды. Қалған үш кезеңін 2026 жылғы желтоқсанға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жобаның жылдық өндірістік қуаты — 11,4 мың тонна иірімжіп, 47,3 млн шаршы метр мата, 2 млн төсек-орын жабдығының жиынтығы және 4 млн көрпе. Кәсіпорын Қытайдың Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd. компаниясының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан мақта агроөнеркәсіптік жобасының құрамына кіреді. Шетелдік инвестицияның жалпы көлемі 200 млрд теңгеден асады деп күтілуде.

Арыс қаласында құны 8,4 млрд теңге болатын «Turkestan Agro.kz» ЖШС жобасы жүзеге асырылуда. Мұнда сағатына 20 тонна өнім өндіретін құрамажем зауыты жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта жылына 1 млн тонна жем өндіретін кәсіпорын мен ет өңдеу кешенінің құрылысын бастау жоспарланған.

Келес ауданындағы құны 42 млрд теңгелік «Ecoculture-Eurasia» жылыжай кешенінде қызанақ өсіріледі. Кеңейту жұмыстарының нәтижесінде жылыжай аумағы 50 гектардан асып, жылдық өндірістік қуаты 27 мың тоннаға жетті. Инвестор 2030 жылға қарай жылыжай аумағын 500 гектарға, ал өнім көлемін 240 мың тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Сарыағаш ауданындағы «Жабай ата» шаруашылығы лимон мен болгар бұрышын өсірумен айналысады. Мұнда 12 гектар жерге шамамен 9,6 мың түп лимон ағашы отырғызылған. Ал тағы 16 гектар алқапқа бұрыш егілген. Алдағы уақытта лимон өнімділігін әр гектардан 40-50 тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Қазығұрт ауданында NARLEN брендімен жұмыс істейтін «Қарқын-2030» ЖШС ет өңдеу комбинаты қызмет көрсетеді. Кәсіпорын шұжық пен ет деликатестерінің 60-тан астам түрін шығарып, тәулігіне 30-50 тонна өнім өндіреді. Мұнда 850-ден астам адам еңбек етеді.

Өңір үшін тағы бір ерекше жоба — «Gen Group Kazakhstan» банан жылыжайы. Жылына 1 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы кешенде түріктің «Анамус» сұрпы өсіріледі. Жиналған өнім толығымен ішкі нарыққа жеткізіледі.

Back to top button