Қазақстанда риелторларға қойылатын талаптарды күшейтіп, азаматтарды қызметті күштеп таңу мен негізсіз комиссиялық төлемдерден қорғау жоспарланып отыр. Сауда және интеграция министрлігі Құрылтай депутаттарымен және кәсіби қауымдастық өкілдерімен бірлесіп, жылжымайтын мүлік нарығын реттеудің жаңа қағидаларын әзірлеуде.
Ұсыныстардың бірі – келісімшарттарға бірыңғай талаптар енгізу. Құжаттарда көрсетілетін қызметтердің нақты тізімі, олардың құны, комиссия мөлшері, төлем тәртібі, сондай-ақ тараптардың құқықтары мен міндеттері көрсетілуі тиіс.
Сонымен қатар риелтордың қызметіне жүгінбеген азаматтардан ақы талап етуге тыйым салу ұсынылып отыр. Клиент маманның кімнің мүддесін қорғайтынын және комиссияның нақты қандай қызмет үшін алынатынын алдын ала білуі керек.
Бұған қоса, риелторлардың кәсіби стандарты әзірленуде. Онда мамандарға қажетті білім, дағдылар, біліктілік және қызмет көрсету сапасына қойылатын талаптар айқындалады. Сондай-ақ ұлттық стандарт негізінде міндетті талаптар енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Тағы бір бастама – саланы өзін-өзі реттеу тетігін дамыту. Кәсіби бірлестіктер этикалық нормалардың сақталуын бақылап, клиенттердің шағымдарын қарауға және талаптарды бұзған мамандарға қатысты шаралар қабылдауға мүмкіндік алады.
Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, риелторларды реттелетін кәсіптер тізіміне енгізу мәселесі қаралады. Бұл мамандарды даярлауға және олардың біліктілігін растауға қойылатын талаптарды белгілеуге мүмкіндік береді.
