Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Оңтүстік Кореяға жұмыс сапары барысында кореялық серіктестерді Alatau City-ді дамытуға тарту мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді.
Тараптар заманауи энергетикалық инфрақұрылым құру мәселесін талқылады. Атап айтқанда, қосалқы станциялар салу, электр энергиясын беру және тарату желілерін дамыту, сондай-ақ қаланы ұлттық энергетикалық жүйеге интеграциялау жоспарлары қаралды.
Жобалардың бірі – Alatau City аумағында меншікті электр энергиясын өндіру нысанын құру. Қуаты 2×250 МВт болатын газ электр станциясын салу мүмкіндігі қарастырылуда. Болашақта нысанды сутегі отынына көшіру көзделген. Жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін пайдалана отырып іске асыру жоспарланып отыр.
Кездесу барысында қонақүй және іскерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелері де сөз болды. Alatau City-де L7 by Lotte қонақүйі, кеңсе алаңдары мен тұрғын апартаменттерден тұратын көпфункционалды кешен салу жоспарлануда. Жобаның құны 200 млн доллардан асады. Қонақүй 180 нөмірге есептелген.
Қазіргі уақытта Alatau City-дің инвестициялық портфеліне жалпы құны 6,9 млрд доллар болатын 67 жоба кіреді. Оларды іске асыру нәтижесінде 55 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар жобаларды қаржыландыру және практикалық іске асыру бағытындағы жұмысты жалғастыруға уағдаласты. Жаңа бастамалар қаланың энергетикалық, іскерлік және туристік инфрақұрылымын жедел дамытуға, сондай-ақ инвестиция тартуға қосымша мүмкіндік береді деп күтілуде.
