Биыл Алматы облысында 100 мың тоннаға жуық алма жинау жоспарланып отыр. Жиын-терімнің шамамен 80%-ын ішкі нарықта өткізу, ал қалған 20%-ын экспортқа шығару көзделген. Негізгі экспорттық бағыттар – Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей және Беларусь.
Жиналған өнімнің шамамен 10%-ын өңдеуге, соның ішінде шырын, езбелер, тосап, кептірілген алма және пастила өндіруге жіберу жоспарлануда.
Өңірдегі алма бақтарының жалпы аумағы 9,9 мың гектарды құрайды. Оның 2,2 мың гектары – қарқынды бау-бақша алқаптары. Өнімділік бойынша Еңбекшіқазақ ауданы көш бастап тұр. Мұнда жылына шамамен 34,1 мың тонна алма өсіріледі. Сондай-ақ Ұйғыр, Талғар, Қарасай және Жамбыл аудандарында да мол өнім жиналады.
Облыста алманың 21 сорты өсіріледі. Олардың қатарында Алматы апорты, Гала, Фуджи, Голден Делишес, Синап, Кандиль және Айдаред бар. Экспорттық нарықтарда әсіресе Гала сортына сұраныс жоғары.
Соңғы 3,5 жылда өңірде 282 мың тоннадан астам алма жиналған. Шетелге жалпы құны шамамен 1,55 млн доллар болатын 1,5 мың тоннаға жуық өнім жөнелтілді. Алдағы уақытта билік Қытайға, Еуропаға, Орталық Азия және Таяу Шығыс елдеріне экспорт көлемін арттыруды жоспарлап отыр.
Алматы апортын қайта жаңғыртуға да ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта апорт бақтарының аумағы шамамен 2,3 мың гектарды құрайды. Жыл сайын 6,6 мың тоннаға жуық өнім жиналады. Сонымен қатар фермерлер отандық Анель, Айнұр, Дамира, Восход және Раши сорттарын көбейтуде.
Өңірде өнімді сақтау және қайта өңдеу инфрақұрылымы да дамып келеді. Атап айтқанда, жылына 80 мың тоннаға дейін жеміс-көкөніс өнімін өңдеуге қауқарлы QAZAQ Global Food JV жобасы жүзеге асырылуда.
Өнімділікті арттыру заманауи көшеттерді пайдалану, тамшылатып суару жүйесін енгізу, цифрлық технологияларды қолдану және қарқынды бақтардың аумағын кеңейту есебінен жоспарланып отыр. Өнімді қайта өңдеу мен сақтау жүйесін дамыту жиын-терім кезіндегі шығынды азайтып, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады.
