Қазақстанда коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға екінші деңгейлі банктердің қатысуын кеңейту жоспарланып отыр. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жеңілдетілген несие беру тетіктерін қайта қарауды және 2027 жылы тікелей қаржыландыруға арналған жобаларды дайындауды тапсырды.
2025–2029 жылдарға арналған ЭКЖҰ ұлттық жобасын іске асыруға шамамен 13 трлн теңге қарастырылған. Оның 6,8 трлн теңгесі коммуналдық желілерді жаңартуға бағытталады. Жоспарға сәйкес, 84 мың шақырымнан астам инженерлік желі жаңғыртылып, олардың орташа тозу деңгейі 40%-ға дейін төмендетіледі. Сонымен қатар апаттылықты 25%-ға қысқарту көзделген.
Бұл міндеттерді орындау үшін қосымша қаржы ресурстарын тарту қажет. Алматыда өткен кеңестің қорытындысы бойынша Ұлттық экономика министрлігіне коммуналдық кәсіпорындардың жеңілдетілген қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту жөнінде ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
«Бәйтерек» холдингі мемлекеттік органдармен және қаржы ұйымдарымен бірлесіп, жобалардың іске асырылуын ай сайын бақылау үшін жұмыс тобын құрады. Бұдан бөлек, банктермен бірлесіп, 2027 жылы тікелей несиелендіруге ұсынылатын нысандардың тізімін әзірлеу қажет. Онда қаржыландыру сомалары, шарттары және шешім қабылдау мерзімдері көрсетілуі тиіс.
