Сатып алушының шағымы Абай облысындағы сауда объектілерінің бірін жоспардан тыс тексеруге негіз болды. Мұның себебі дүкенде тұтынушы өз құқықтарын қорғау үшін қайда жүгіне алатындығы туралы міндетті ақпараттың болмауы болды.
Атап айтқанда, нысанда тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органның және тұтынушылар дауларын сотқа дейін реттеу субъектілерінің байланыс деректері көрсетілмеген. Сондай-ақ заңды құқықтары бұзылған жағдайда азаматтың аталған ұйымдарға немесе тікелей сотқа жүгінуге құқығы туралы ақпарат болмаған.
Абай облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мұндай ақпарат тауарларды сату, жұмыстарды орындау немесе қызметтерді көрсету орындарында тікелей орналастырылуы тиіс екенін еске салды. Бұл талап «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 33-2-бабында белгіленген. Аталған талап қазақ және орыс тілдеріндегі ақпаратқа да қатысты.
Тексеру барысында заң бұзушылық анықталды. Кәсіпкер анықталған фактімен келісіп, қажетті шараларды қабылдауға міндеттеме алды.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпкерлік субъектісіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Нәтижесінде оған 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар, анықталған бұзушылықтарды белгіленген мерзімде жоюды талап ететін нұсқама берілді. Кәсіпкер нұсқаманы орындады: қажетті ақпарат тікелей сауда объектісіне орналастырылды.
