Қазақстанда мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласында мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу жүйесі өзгеріп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген жаңа тетік қаржыландыруды нақты қажеттілікке бағыттап, бюджет қаражатының пайдаланылуын бақылауды күшейтуді көздейді.
Жаңа модельдің негізгі элементтерінің бірі — ваучерлік қаржыландыру. Енді мемлекеттік қаражат алдын ала белгілі бір мектепке дейінгі ұйымға бекітілмей, қызметке деген нақты сұранысқа қарай бөлінеді. Бұл жүйені икемді етіп, балабақшалар үшін тең жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру мен кезекке қоюдың бұрынғы тәртібінде бірқатар жүйелі мәселе болды. Атап айтқанда, балалар туралы шынайы емес мәліметтерді тіркеу қаупі туындап, мектепке дейінгі ұйымдар арасындағы бәсекелестік төмендеді. Сонымен қатар бюджет қаражаты балабақшаға орын қажет ететін балалардың нақты санына әрдайым сәйкес келе бермеді.
Жаңа жүйенің жұмысын бақылау үшін тәуекелдерді басқару тетігі енгізілді. Ол деректердің дұрыстығын тексеруге, сәйкессіздіктер мен заңбұзушылықтарды анықтауға, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету үдерісінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде қаражатты теріс пайдалану және мақсатсыз жұмсау тәуекелі төмендейді.
Жаңа модельді пилоттық режимде енгізу жұмыстары Қазақстанның 20 қаласы мен 23 ауданын қамтыды. Жобаға 6 мыңға жуық мектепке дейінгі ұйым қатысып отыр. Ал берілген ваучерлердің жалпы саны 1 миллионнан асты.
Өзгерістер мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігіне де әсер етуде. Балабақшаға орын алу кезегінде тұрған 2-6 жастағы балалардың саны 160 мыңнан 23 мыңға дейін қысқарды. Сонымен қатар мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалардың үлесі артты.
Жүйенің тиімділігін көрсететін тағы бір көрсеткіш — бюджет қаражатын үнемдеу. Пилоттық жоба барысында 35 млрд теңгеден астам қаражат үнемделді. Бұл қаражат пайдаланылмай қалмай, қосымша ваучерлер беруге бағытталуда.
Жаңа жүйе мектепке дейінгі білім беруді қаржыландыру тәсілін түбегейлі өзгертуге бағытталған. Оның басты міндеттерінің бірі — мемлекеттік тапсырысты ашық бөлу, бюджет қаражатын тиімді пайдалану, ата-аналарға таңдау мүмкіндігін кеңейту және балабақшаларды көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға ынталандыру.
