Қазақстанда ортақ мүлікті бүлдіргені үшін қатаң жауапкершілік қарастырылған — ірі көлемдегі айыппұлдан бастап әкімшілік қамауға алу және қылмыстық жазаға дейін. Әңгіме көпқабатты үйлердің кіреберістері, лифтілері, тұрғын үй қасбеттері, балалар алаңдары мен ортақ пайдаланылатын өзге де нысандарды бүлдіру туралы болып отыр.
Егер сіз осындай құқықбұзушылықтың куәсі болсаңыз, бейжай қалмай, ортақ мүлікті бүлдіру фактілері туралы полицияға, ПИК-ке, МИБ-ке немесе басқарушы компанияларға хабарлаған жөн. Уақытылы жүгіну вандализм әрекеттерінің алдын алып, кінәлілерді жауапкершілікке тартуға және тұрғын үйлер мен қоғамдық кеңістіктердегі тәртіпті сақтауға көмектеседі.
ҚР ӘҚБтК-нің 147-1-бабына сәйкес, бөтен мүлікті қасақана бүлдіргені немесе қиратқаны, сондай-ақ ғимараттар мен қоғамдық нысандарды қорлағаны үшін құқықбұзушыларға 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. 2026 жылы бұл шамамен 192 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ 5 тәуліктен 20 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.
Егер мұндай әрекеттер елеулі материалдық шығынға әкелсе, қылмыстық жауапкершілік туындайды. Құқықбұзушылық өрт қою, жарылыс жасау немесе өзге де қоғамдық қауіпті тәсілмен жасалып, ауыр зардаптарға соқтырса, жаза 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруға жетуі мүмкін.
Ал құқықбұзушылықты 14 пен 16 жас аралығындағы жасөспірімдер жасаса, жауапкершілік олардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі. Бұл жағдайда 30 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.
