Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН ТУРИЗМНІҢ ЖАҢА ДӘУІРІНЕ ҚАДАМ БАСТЫ: ТРИЛЛИОНДАҒАН ИНВЕСТИЦИЯ ЖӘНЕ МЫҢДАҒАН ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ

Қазақстанның туристік саласы дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес мемлекет туристік инфрақұрылымды жаңғыртуға, инвестиция тартуға, көлік қолжетімділігін арттыруға және қызмет көрсету сапасын жақсартуға басымдық беріп отыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша туризм саласының ел экономикасына қосқан жалпы үлесі 5 трлн теңгеге жетті. Ал салада жұмыспен қамтылғандар саны 600 мың адамнан асты.

Туризмді дамытудағы негізгі қозғаушы күштердің бірі — инвестиция. 2025 жылы туристік салаға салынған инвестиция көлемі 1,25 трлн теңгені құрап, бір жыл ішінде 32,6%-ға артты. Қазіргі уақытта елімізде жалпы құны шамамен 1,3 трлн теңгені құрайтын 328 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оларды іске асыру нәтижесінде 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, халықаралық деңгейдегі қонақүйлер пайдалануға беріледі.
Орналастыру орындарының саны да артып келеді. 2023 жылы олардың саны 3 992 болса, 2026 жылдың сәуіріне қарай 4,5 мыңнан асты.

Сонымен бірге танымал туристік бағыттардың көлік қолжетімділігі кеңейтілуде. Жазғы маусымда әуе рейстерінің саны көбейтіліп, теміржол тасымалдаушылары қосымша бағыттарды іске қосты.
Курорттық аймақтарды дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. 2026-2029 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Мәселен, Алматы тау кластерінде 30 аспалы жол мен ұзындығы 161 шақырым болатын тау шаңғысы трассаларын салу жоспарланған. Бұл алдағы уақытта жыл сайын 5 млн-ға дейін турист қабылдауға мүмкіндік береді.

Экотуризм де қарқынды дамып келеді. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерге келушілер саны 2023 жылғы 2,4 млн адамнан 2025 жылы 3,7 млн адамға дейін өсті. Қазіргі уақытта ұлттық парктер аумағында 179 туристік маршрут пен 42 экологиялық соқпақ жұмыс істейді. 2026 жылдан бастап 18 жасқа дейінгі балалар үшін ұлттық табиғи парктерге кіру тегін болды.
Сонымен қатар мемлекет туристер мен бизнес өкілдерін қолдау шараларын кеңейтуде. Туристік автобустар үшін «жасыл дәліз» енгізіліп, гидтер мен визит-орталықтардың жұмысын реттеудің жаңа тетіктері қолға алынды. Ал туроператорларға әрбір тартылған шетелдік турист үшін субсидия төленеді.

Осылайша, Қазақстандағы туризм біртіндеп ішкі демалыс бағыты ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өңірлерді дамытуға және ұлттық экономикаға үлес қосуға қабілетті толыққанды инвестициялық салаға айналып келеді.

Back to top button