К
Қазақстан жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның (WAICO) құрылтайшы мемлекеттерінің бірі болды. Жаңа халықаралық ұйымды құру туралы келісімге Мемлекет басшысының Қытайға жасаған ресми сапары аясында өткен жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференцияда (WAIC-2026) қол қойылды.
WAICO ұйымының құрылтайшылары қатарында Қазақстан, Қытай, Бразилия, Катар және Мысырды қоса алғанда 29 мемлекет бар. Қол қою рәсіміне БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те қатысты. Ұйымның штаб-пәтері Шанхай қаласында орналасады.
Қазақстан атынан құжатқа Премьер-министрдің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қол қойды. Оның айтуынша, WAICO ұйымын құруға қатысу Қазақстанға халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп қана қоймай, жасанды интеллектіні қолданудың жаһандық қағидаларын қалыптастыруға қатысуға мүмкіндік береді.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда саланы дамытуға берік негіз қаланған. Елімізде «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды, Президент жанындағы жасанды интеллект жөніндегі кеңес жұмыс істейді, өңірдегі ең қуатты суперкомпьютер іске қосылды, Data Center Valley жобасы жүзеге асырылып жатыр, ұлттық тілдік модельдер мен халықаралық Alem.AI орталығы дамып келеді.
Жаңа ұйым Қытайдың бастамасымен жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында құрылды. Оның қызметі БҰҰ Жарғысының қағидаттарына негізделіп, қауіпсіз, этикалық әрі әділ жасанды интеллект технологияларын дамытуға, цифрлық теңсіздікті азайтуға және осы саладағы жаһандық басқару жүйесін жетілдіруге бағытталады.
