Жаңалықтар

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ ШЫМБҰЛАҚҚА КІРУГЕ ҚАТЫСТЫ ДАУҒА НҮКТЕ ҚОЙДЫ

 

Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты «Шымбұлақ» шатқалындағы көлік құралдарының кіруін шектеуге қатысты Алматы қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 8 сәуірдегі №2/122 қаулысының 1-тармағын Конституцияға сәйкес емес деп таныды.

Істі қарауға Тұйықсу шатқалының тұрғынының өтініші негіз болды. Оның үйіне апаратын жол Шымбұлақ аумағы арқылы өтеді. Өтініш иесінің айтуынша, енгізілген шектеулер тұрғын үйге қолжетімділікті қиындатып, еркін жүріп-тұру құқығын шектеген.

Конституциялық Сот ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында шектеулер енгізілуі мүмкін екенін атап өтті. Алайда, мұндай шаралар заң талаптарына сай және азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтай отырып, уәкілетті орган тарапынан қабылдануы тиіс.

Тексеру барысында мұндай аумақтарға көлік құралдарының кіруін шектеу өкілеттігі әкімдікке емес, мәслихатқа тиесілі екені анықталды. Сондықтан даулы қаулы заңда көзделген өкілеттік шегінен тыс қабылданған.

Нәтижесінде Конституциялық Сот Алматы қаласы әкімдігінің №2/122 қаулысының 1-тармағын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп таныды.

Back to top button