Абай облысында Қазақстандағы ең ірі мыс балқыту зауыты салынады. Жобаны іске асыру туралы келісімге ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов пен China Nonferrous Metal Mining Co. Ltd. директорлар кеңесінің төрағасы Си Чжэнпиннің кездесуі қорытындысы бойынша қол қойылды.
Жылына 300 мың тоннаға дейін катодты мыс өндіретін кәсіпорын Ақтоғай кентінің маңында орналасады. Зауытқа Бозшакөл және Ақтоғай тау-кен байыту комбинаттарынан, сондай-ақ «Востокцветмет» ЖШС кәсіпорындарынан жеткізілетін мыс концентраттары шикізат болады. Жоба мыс өндіру мен оны терең өңдеуді біріктіретін біртұтас өнеркәсіптік кластер қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жобаға 1,5 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту жоспарланған. Кәсіпорында мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Құрылысты 2028 жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.
Зауыт катодты мыспен қатар тазартылған алтын, күміс және күкірт қышқылын да өндіреді. Өндіріс заманауи экологиялық талаптарға сай жұмыс істеп, отандық шикізатты ел ішінде терең өңдеу көлемін арттыруға жол ашады.
Олжас Бектеновтің айтуынша, жаңа өндірістік кешеннің іске қосылуы Қазақстанның мыс өнеркәсібін нығайтып, отандық өнімнің қосылған құнын арттыруға және елдің өнеркәсібі мен экономикасының дамуына елеулі ықпал етеді.
