Жаңалықтар

ОНЛАЙН-ТАПСЫРЫС ДАУҒА ҰЛАСТЫ: САТЫП АЛУШЫНЫҢ АҚШАСЫ ҚАЛАЙ ҚАЙТАРЫЛДЫ

 

Қызылорда қаласының тұрғыны тұтынушылық құқықтарының бұзылуына байланысты Қызылорда облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінді.

Келіншек Instagram арқылы қызына жасау ретінде құны 152 500 теңге тұратын пальтоға тапсырыс берген. Алайда тауарды алған кезде сатушының тапсырыс рәсімдеу барысында келісілгеннен бір өлшем үлкен пальто жібергені анықталған.

Сатып алушы тауардың сәйкес келмейтінін бірден айтып, пальтоды қайтарып, төлеген ақшасын қайтаруды сұраған. Алайда сатушы ақшаны қайтарудан бас тартып, тек тауарды айырбастауды ұсынған.

Тұтынушының өтінішінен кейін Департамент мамандары сатушымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңындағы талаптарды түсіндірді.

Заңнамаға сәйкес, сатып алынған тауар мәлімделген сипаттамаларға сәйкес келмеген жағдайда, тұтынушы заңда көзделген талаптардың бірін таңдауға, оның ішінде ақшасын қайтаруды талап етуге құқылы.

Нәтижесінде сатушы клиенттің талабын орындауға келісті. Пальто пошта арқылы қайтарылып, 152 500 теңге сатып алушыға толық көлемде аударылды.

Back to top button