Жаңалықтар

ПРОКУРАТУРА ИНВЕСТОРЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАДЫ

Алматы облысының прокуратурасы 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытында атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарды. Осы кезеңде қадағалау органы жалпы құны 1,2 трлн теңгені құрайтын жобаларды іске асырып жатқан 28 инвестордың 30 проблемалық мәселесін шешуге ықпал етті. Бұл бастамалардың нәтижесінде өңірде 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Прокурорлық сүйемелдеу барысында мемлекеттік органдар тарапынан жасалған заңсыз әрекеттердің жолы кесілді. Прокуратураның талап етуімен инвесторларға қатысты негізсіз жүргізілген алты тексеру мен салынған үш әкімшілік айыппұлдың күші жойылды. Сонымен қатар кәсіпкерлерге төрт жер учаскесі беріліп, нысандарды электр желілеріне қосу үшін екі техникалық шарт рәсімделді.

Бизнеске әкімшілік кедергілер келтіргені үшін сегіз лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, тағы он мемлекеттік қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Инвесторларды қорғаудың маңызды құралдарының бірі – Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа. Прокуратураның бастамасымен оған қосымша 100-ге жуық инвестор енгізілді. Соның нәтижесінде олардың жобаларына мемлекеттік органдардың негізсіз шешім қабылдауына тосқауыл қоятын «прокурорлық сүзгі» тетігін қоса алғанда, прокурорлық қорғау шаралары қолданылатын болды.

Есепті кезеңде прокуратура инвесторларға қатысты үш тексеруді, он әкімшілік хаттаманы және тыйым салу мен шектеу сипатындағы он бір шараны келісуден бас тартты. Сондай-ақ қадағалау органының талап етуімен мемлекеттік органдар прокурормен міндетті келісусіз берілген екі талап-арызын кері қайтарып алды.

Прокуратура инвестициялық жобаларды сүйемелдеу мен бизнесті негізсіз әкімшілік қысымнан қорғау өңірдің инвестициялық ахуалына және ірі экономикалық жобалардың іске асуына тікелей әсер ететіндіктен, бұл бағыттың басымдыққа ие болып қала беретінін атап өтті.

Back to top button