Қазақстан тұрғындары енді қаладағы мәселелер туралы «Таза Қазақстан» цифрлық сервисі арқылы тікелей хабарлай алады.
Енді өтініш беру үшін мемлекеттік органдарға барудың немесе жауапты мекемелерді іздеудің қажеті жоқ. Ол үшін TazaQazBot Telegram-ботын немесе eGov Mobile қосымшасындағы «Таза Қазақстан» бөлімін пайдалану жеткілікті.
Сервис заңсыз қоқыс үйінділері, тұрмыстық қатты қалдықтардың уақытылы шығарылмауы, көшедегі жарық шамдарының істен шығуы, жолдардың бүлінуі және қоғамдық аумақтардың санитариялық жағдайының талапқа сай болмауы туралы жедел хабарлауға мүмкіндік береді.
Өтініш жолдау үшін мәселені суретке түсіріп, оның орналасқан жерін көрсету, жағдайды қысқаша сипаттап, платформамен жіберу қажет.
Өтініш тіркелгеннен кейін ол автоматты түрде тиісті жергілікті атқарушы органға жолданады. Қарастырылу қорытындысы бойынша жауапты қызметтер анықталған кемшіліктерді жойып, атқарылған жұмыстарды растайтын фотосуреттерді жүйеге жүктейді.
Сервис іске қосылғалы бері еліміз бойынша азаматтардың 45 мыңнан астам өтініші қаралған.
«Таза Қазақстан» тұрғындар мен коммуналдық қызметтердің өзара байланысын күшейтетін тиімді құралға айналып, елді мекендерді абаттандыру мәселелерін жедел шешуге және тазалықты сақтауға ықпал етіп келеді.
