12 шілдеден бастап Қазақстанда Цифрлық кодекс ресми түрде күшіне енді. Бұл құжат алғаш рет цифрлық технологияларды, жасанды интеллектіні және цифрлық ортаны дамытуға қатысты құқықтық нормаларды бір жүйеге біріктірді.
Кодекстегі басты жаңалықтардың бірі — азаматтардың цифрлық құқықтарының заң жүзінде бекітілуі. Қазақстандықтар өздерінің дербес деректерінің пайдаланылуын бақылауға, оларды жоюды немесе иесіздендіруді талап етуге, сондай-ақ автоматтандырылған жүйелер мен жасанды интеллект алгоритмдері қабылдаған шешімдерге шағымдануға құқылы. Биометриялық деректерді пайдалану да бұдан былай қатаң талаптармен реттеледі.
Құжат цифрлық құжаттардың, платформалардың, цифрлық активтердің және өзге де цифрлық нысандардың құқықтық мәртебесін айқындайды. Стратегиялық маңызы бар мемлекеттік ақпараттық жүйелерге ұлттық цифрлық объект мәртебесі беріледі. Сонымен қатар цифрлық деректер алмасу платформаларының жұмысы мен смарт-келісімшарттарды қолдануға құқықтық негіз қалыптастырылады.
Тағы бір маңызды өзгеріс — мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор үшін цифрлық трансформацияны жүзеге асыру міндетті талапқа айналды. Сонымен қатар киберқауіпсіздік талаптары күшейтіліп, мүгедектігі бар адамдар үшін цифрлық сервистердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді.
