Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЛМА АҢЫЗЫ: «АПОРТ» ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТЫЛЫП ЖАТЫР

Қазақстан ұлттық бау-бақша шаруашылығының символдарының бірі саналатын «Апорт» алмасын қайта жаңғырту жұмыстарын жалғастыруда. Негізгі назар сапалы көшеттер өсіруге, аналық екпелерді сақтауға және алма бақтарының аумағын кеңейтуге аударылған.

Бұл бағыттағы жұмыстарды «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің Талғар өңірлік филиалы жүргізіп келеді. 2025 жылы мамандар 2 080 көшет өсіріп, 10 гектар аумаққа «Апорт» алма бағын отырғызды. 2026 жылы аналық екпелерді күтіп-баптау, жаңа бақтарды дамыту және алдағы маусымдарға арналған отырғызу материалын дайындау жұмыстары жалғасты.

Сортты одан әрі қалпына келтіру үшін көбейту және телу технологияларын жетілдіру, Сиверс алмасының тұқымынан телітушілер өсіру, көшет питомниктерін нығайту және стандартты көшеттер өндірісін кезең-кезеңімен арттыру көзделген. Бұл «Апорт» алма бақтарын отырғызуға дайын фермерлік шаруашылықтарды қажетті көшет материалымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жоба бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – сорттық мұраны сақтау, көшет шаруашылығын дамыту және Қазақстанның әйгілі алмасының өндірістік әлеуетін қалпына келтіру.

Back to top button