Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНДА АЛҒАШ РЕТ ЖАСАНДЫ ЖАУЫН-ШАШЫН ШАҚЫРУ ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Қазақстанда алғаш рет Орталық Азия аумағында жасанды жауын-шашын шақыру технологиясы тәжірибелік түрде қолданыла бастады. Жобаның салтанатты ашылуы 16 мамыр күні Түркістанда өтті. Ал 17 мамырдан бастап жүйе өңірдің ауыл шаруашылығы алқаптарында жұмысын бастады.

Жобаның негізгі мақсаты — елдің оңтүстігіндегі су тапшылығы мәселесін шешу. Технология Түркістан облысындағы 911 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жерін сумен қамтуды жақсарту және құрғақшылықпен күресу үшін пайдаланылмақ.

Жоба Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық метеорология орталығымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Іске қосу рәсіміне Қазақстан мен БАӘ өкілдері, сондай-ақ БҰҰ Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының басшылығы қатысты.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары әрі жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, ел ғылым мен халықаралық ынтымақтастыққа негізделген заманауи климаттық инфрақұрылым қалыптастыру жолында маңызды қадам жасап отыр.

Жасанды жолмен жауын-шашын көлемін арттыру технологиясы жауын мөлшерін 10-20 пайызға дейін көбейтуге мүмкіндік береді. Мұндай әдістер Қытай, АҚШ, БАӘ және өзге де бірқатар елдерде қолданылып келеді.

Технологияның әсер ету ауқымы шектеулі — жұмыс радиусы бес шақырымнан аспайды. Жұмыстарды жүргізу барысында халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын арнайы тұзды реагенттер пайдаланылады.

Алдын ала есеп бойынша, жобаның жыл сайынғы экономикалық тиімділігі 35 миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар, БАӘ метеорологтары қазақстандық мамандарды жасанды жаңбыр технологиясымен жұмыс істеуге үйретуде. Алдағы уақытта жобаны еліміздің өзге өңірлерінде де енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Back to top button