Семей қаласының тұрғыны өлшемі сәйкес келмеген тауар үшін ақшасын қайтарып алды. Бұған дейін сатушы жеңілдікпен сатып алынған тауар айырбастауға және қайтаруға жатпайтынын айтқан.
Сатып алушы көмек сұрап Абай облысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген.
Мекеме мамандары әйелге заң талаптарын түсіндіріп, кеңес беріп, сотқа дейінгі талап арызды рәсімдеуге көмектескен. Нәтижесінде сатушы тауардың толық құнын қайтаруға келіскен.
Департаментте сапалы тауарды белгіленген талаптар сақталған жағдайда 14 күн ішінде қайтаруға немесе айырбастауға болатынын еске салды. Ол үшін тауар қолданылмаған болуы, жапсырмалары мен пломбалары сақталуы және бастапқы тауарлық келбеті бұзылмауы қажет.
Сондай-ақ жеңілдікпен сатып алынған тауар да тұтынушының қайтару құқығын шектемейтіні атап өтілді.
