Жаңалықтар

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНДАҒЫ БАНКТЕРДІҢ БІРІНДЕ НЕСИЕГЕ ҚАТЫСТЫ АЛАЯҚТЫҚ СХЕМАСЫ ТЕРГЕЛІП ЖАТЫР

 

Қарағанды облысының Саран қаласында банктердің бірінің 23 жастағы қызметкері ұсталды. Ол клиенттердің өтінішінде көрсетілген сомадан әлдеқайда көп мөлшерде несие рәсімдеді деген күдікке ілінді.

Полицияның мәліметінше, күдікті қызметтік өкілеттігін және клиенттердің сенімін пайдаланған болуы мүмкін. Аз мөлшерде несие алуға өтініш берген азаматтар кейін өз атына едәуір ірі көлемдегі қарыз рәсімделгенін анықтаған.

Қазіргі уақытта полицияға төрт жәбірленуші жүгінген. Алдын ала келтірілген шығын көлемі шамамен 6,9 миллион теңгені құрайды.

Аталған деректер бойынша қылмыстық істер тіркелді. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, ұсталған күдіктінің осыған ұқсас өзге де эпизодтарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Қарағанды облысы полиция департаменті азаматтарды несие шарттарының талаптарын мұқият оқып шығуға, құжаттарға қол қоймас бұрын қарыз сомасын тексеруге, сондай-ақ банк қосымшаларына қолжетімділікті, телефонды және жеке деректерді бөгде адамдарға бермеуге шақырды.

 

Back to top button