Жазғы демалыс қазақстандық оқушылар үшін әлдеқашан тек тынығу кезеңі болудан қалды. Бүгінде көптеген жасөспірім жаз мезгілін тиімді өткізуге, алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға, жаңа дағдыларды меңгеруге және өз еңбегімен табыс табуға ұмтылады.
Қазір мемлекет пен жекеменшік компаниялар кәмелетке толмағандарға ресми түрде жұмыс істеудің түрлі мүмкіндіктерін ұсынып отыр. Алайда мамандар тез табыс табуға деген ұмтылыс заң талаптарының бұзылуына немесе баланың қауіпсіздігіне қатер төндіруге жол бермеуі тиіс екенін ескертеді.
INFO MONITORING редакциясы жазғы жұмысқа орналасар алдында ата-аналар, жасөспірімдер мен жұмыс берушілер білуі тиіс негізгі талаптарды дайындады.
Қашаннан жұмыс жасап бастауға болады?
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, кәмелетке толмағандарды ресми түрде жұмысқа қабылдауға рұқсат етіледі.
14 жастан бастап жасөспірімдер оқудан бос уақытында жеңіл жұмыстарды атқара алады. Бұл жағдайда еңбек шартына жасөспірімнің өзі және оның ата-анасының бірі немесе заңды өкілі қол қояды.
15 жастан бастап негізгі орта білім алған жасөспірімдер жұмыс істей алады. Ал 16 жастан бастап кәмелетке толмағандар еңбек шартын өз бетінше жасауға құқылы.
Сонымен қатар заңнамада жұмыс уақытының ұзақтығына шектеулер белгіленген. 14 пен 16 жас аралығындағы жасөспірімдер үшін жұмыс аптасы 24 сағаттан, ал 16-18 жас аралығындағы қызметкерлер үшін 36 сағаттан аспауы тиіс.
Кәмелетке толмағандарды түнгі ауысымдарға, үстеме жұмысқа, вахталық әдіспен еңбек етуге, ауыр және қауіпті жұмыстарға тартуға, сондай-ақ толық материалдық жауапкершілік жүктелетін лауазымдарға тағайындауға тыйым салынады.
Жұмысты қайдан іздеуге болады
Қазіргі таңда уақытша жұмыс іздеудің ең қауіпсіз жолы – ресми платформаларды пайдалану.
Enbek.kz платформасында «Менің жазғы демалысым» атты арнайы бөлім жұмыс істейді, онда 14 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған жұмыс орындары жарияланады. Жұмыс берушілер тексеруден өтеді, ал жұмысқа орналасу ресми түрде еңбек шартын жасасумен жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек, мектеп оқушыларына арналған бос жұмыс орындары ірі жұмыс іздеу сервистерінде де ұсынылады. Онда сауда, қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету, көгалдандыру, жазғы лагерьлер, кітапханалар, курьерлік қызметтер, сондай-ақ digital-саладағы SMM-маманының көмекшісі, модератор және әлеуметтік желі әкімшісі сияқты жұмыстарды табуға болады.
Қанша табыс табуға болады
Жалақы мөлшері жұмыс берушіге, өңірге және атқарылатын жұмысқа байланысты.
Қоғамдық жұмыстарға қатысатын жасөспірімдер айына шамамен 94-103 мың теңге табыс таба алады. «Жасыл ел» бағдарламасы аясында төленетін ақы 85 мың теңгеге дейін жетеді. Ал жеке жұмыс берушілерде еңбек жағдайы мен жұмыс кестесіне қарай айлық 30 мыңнан 150 мың теңгеге дейін болуы мүмкін.
Жалақы ресми түрде есептеліп, нақты жұмыс істеген уақытқа сәйкес төленуі тиіс.
Қандай құжаттар қажет
Ресми жұмысқа орналасу үшін, әдетте, жеке куәлік немесе туу туралы куәлік, қызметкердің жасына қарай ата-анасының бірінің келісімі және еңбек заңнамасында көзделген өзге де құжаттар қажет.
Кейбір жұмыс түрлері бойынша медициналық анықтама талап етілуі мүмкін.
Еңбек шарты рәсімделгеннен кейін жасөспірім оның тіркелгенін eGov порталы арқылы өз бетінше тексере алады.
Ата-аналар нені білгені маңызды
Бала жұмысқа кіріспес бұрын ата-аналар жұмыс берушінің расында бар екеніне көз жеткізіп, жұмыс орны, міндеттері, жұмыс кестесі мен еңбекақы мөлшері туралы нақты ақпарат алғаны жөн.
Сондай-ақ жасөспірімге қауіпсіздік ережелерін түсіндіру маңызды. Атап айтқанда, банк картасын, шот деректемелерін, растау кодтарын, жеке құжаттары мен жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуі қажет.
Күмәнді жағдай туындаған жағдайда бұл туралы бірден ата-анасына хабарлауы керектігін алдын ала келісіп алған дұрыс.
Жасөспірім нені ескеруі керек
Алғашқы жұмыс – ең алдымен тәжірибе жинақтаудың мүмкіндігі.
Сондықтан ресми рәсімделмейтін жұмысқа келіспеген, алдын ала айтылмаған міндеттерді орындамаған және ешқандай талапсыз жоғары табыс уәде ететін ұсыныстарға сенбеген дұрыс.
Жұмысқа кіріспес бұрын жалақы мөлшерін, төлеу мерзімін, жұмыс кестесін, еңбек міндеттері мен жұмыс жағдайын нақтылап алу қажет.
Егер жұмыс беруші еңбек шартын жасаудан жалтарса, жұмыс талаптарын үнемі өзгертіп отырса немесе күмәнді тапсырмалар жүктесе, мұндай ұсыныстан бас тартқан жөн.
ІІМ ескертуі: «жеңіл ақша» қылмысқа апаруы мүмкін.
Қазақстан Ішкі істер министрлігі жазғы демалыс кезінде қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударады.
Ведомствоның мәліметінше, осы кезеңде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «оңай табыс» туралы хабарландырулар күрт көбейеді. Алғашында мұндай ұсыныстар тартымды көрінгенімен, олардың артында заңсыз әрекеттер жасырынуы мүмкін.
Жасөспірімдерді есірткі таратуға, есірткіні жасырын орындарға қалдыруға, тыйым салынған заттарды тасымалдауға немесе басқа да заңсыз тапсырмаларды орындауға тарту әрекеттері кездеседі.
ІІМ есірткінің заңсыз айналымына қатысты бірқатар қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталатынын еске салады. Мұндай қылмыстар үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру, тіпті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделуі мүмкін.
Сондықтан мамандар қарапайым әрекеттер үшін көп ақша уәде ететін, жұмыстың мәнін түсіндірмейтін немесе «толық құпиялылықты» талап ететін ұсыныстардан бірден бас тартуға кеңес береді.
Құқық бұзылса не істеу керек
Егер жасөспірім ресми түрде жұмысқа қабылданбаса, жалақысы төленбесе немесе еңбек құқықтары бұзылса, Мемлекеттік еңбек инспекциясының аумақтық департаментіне жүгінуге, «Е-өтініш» жүйесі арқылы өтініш жолдауға немесе 111 бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады.
Кәмелетке толмаған баланың құқықтары бұзылған жағдайда Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне де жүгінуге болады.
Алғашқы жұмыс жауапкершілікке, тәртіпке және қаржылық дербестікке үйрететін маңызды өмірлік тәжірибе болуы мүмкін. Алайда бұл үшін заң талаптары сақталып, кәмелетке толмағандардың құқықтары қорғалуы, ал ата-аналар мен жұмыс берушілер өз міндетіне жауапкершілікпен қарауы қажет.
Ең басты қағида өзгеріссіз қалады: баланың қауіпсіздігі кез келген табыстан маңызды.
