Қазақстан Үкіметі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Qazaq Smelter» ЖШС арасында жаңа мыс балқыту зауытын салу жөніндегі инвестициялар туралы келісімді мақұлдады. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Құны 750 млрд теңгені құрайтын кәсіпорын Балқаш қаласында бой көтереді. Құрылыс жұмыстары 2027 жылы басталып, зауытты 2030 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Зауыттың жылдық өндірістік қуаты 300 мың тонна катодты мыс, 10 тонна алтын, 300 тонна күміс және 1,5 млн тоннадан астам күкірт қышқылын құрайды. Кәсіпорында 1,2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Зауыт іске қосылған кезде қызметкерлердің, оның ішінде басшылық құрамның 90%-ын қазақстандық мамандар құрайды. Ал бес жыл ішінде бұл көрсеткішті 95%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар инвестор Қарағанды облысындағы 50 студенттің оқуын қаржыландырады.
Жобаның іске асырылуы Қазақстандағы катодты мыс өндірісін бір жарым еседен астам арттырып, жылына 800 мың тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ қосылған құны жоғары өнім экспорты жылына 460 мың тоннадан 760 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Өндіріс заманауи технологиялық және цифрлық шешімдермен жабдықталады.
Жоба өңдеу өнеркәсібіндегі тұрақты өсім аясында жүзеге асырылуда. Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша саладағы өндіріс көлемі 9,8%-ға артса, катодты мыс өндірісі 232 мың тоннаға жетті. Катодты мыс кабель өнімдерін, электр техникалық жабдықтарды, құрылыс материалдарын, автокөлік бөлшектерін және басқа да өнеркәсіптік өнімдерді өндіруде кеңінен қолданылады.
