Алматы облысының прокуратурасы ұзақ уақыт бойы жүйелі түрде құмар ойындарға қатысқан 20 жеке сот орындаушысын (ЖСО) анықтады.
Тексеру нәтижесінде ЖСО-лардың Olimpbet букмекерлік кеңсесіндегі шоттарын толықтырып отырғаны белгілі болды. Жүргізілген операциялардың жалпы сомасы шамамен 180 млн теңгені құраған.
Бұл соманың едәуір бөлігі екі жеке сот орындаушысына тиесілі. Олардың бірі үш жыл ішінде ойын шотына шамамен 139 млн теңге, ал екіншісі 26 млн теңгеге жуық қаражат аударған.
Прокуратураның мәліметінше, қоғамдық маңызы бар функцияларды атқаратын тұлғалардың мұндай көлемдегі қаражатпен құмар ойындарға қатысуы кәсіби әдеп талаптарына қайшы келеді және адалдық қағидаттарының сақталуына күмән туғызады.
Тексеру қорытындысы бойынша прокуратуралық ден қою актілері Әділет департаментіне және жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына енгізіліп, заңнамада көзделген шараларды қабылдау тапсырылды.
