Жетісу облысының тұрғыны қымбат тұрмыстық техника сатып алғаннан кейін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінді.
Зейнеткердің айтуынша, сатушы оны құны 700 мың теңге болатын жуу функциясы бар шаңсорғышты сатып алуға көндірген. Тауардың толық құны несиеге рәсімделген. Кейін ер адам тауардан бас тартып, ақшасын қайтаруды талап еткен. Алайда кәсіпкермен мәселені өз бетінше шеше алмаған.
Департамент қызметкерлері өтінішті қарап, ұсынылған құжаттарды зерделеді. Мамандардың араласуынан кейін дау реттеліп, сатушы зейнеткерге 700 мың теңгені қайтарды.
Ведомство тұтынушыларды қымбат тауарларды сатып алуға асықпай, шарттың, төлем мен несие рәсімдеу талаптарын мұқият зерделеуге шақырды. Дау туындаған жағдайда алдымен сатушыға тікелей талап қою ұсынылады. Егер мәселені өзара келісім арқылы шешу мүмкін болмаса, тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарына жүгінуге болады.
