Қонаев қаласының тұрғыны Kaspi платформасындағы интернет-дүкеннен ноутбук сатып алып, тұтынушы құқықтарының бұзылуына тап болған.
Сатып алушыға жеткізілген ноутбук сатушы тауар карточкасында және сатып алу құжаттарында көрсеткен модель мен техникалық сипаттамаларға сәйкес келмеген. Осыған байланысты тұтынушы тауарды мәлімделген сипаттамаларға сай ноутбукке айырбастауды талап еткен.
Алайда сатушының платформасында талапқа сәйкес ноутбук болғанымен, оның бағасы жоғары болған. Кәсіпкер тауарды айырбастаудың орнына тапсырысты және бөліп төлеу рәсімін тоқтатқан. Сонымен қатар тұтынушының жазбаша шағымына белгіленген мерзімде жауап бермеген.
Тұтынушының өтініші негізінде Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тексеру жүргізді. Нәтижесінде өтініште көрсетілген деректер расталып, сатылған ноутбуктың тауарды сату кезінде көрсетілген сипаттамаларға сәйкес келмегені анықталды.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпкер Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 190-бабында көзделген үш құқық бұзушылық бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда, тұтынушыны тауардың қасиеттері туралы жаңылыстырғаны, тауарды айырбастау немесе қайтару талаптарын бұзғаны және тұтынушының шағымына жауап бермегені анықталды.
Істі қараудың қысқартылған тәртібі қолданылып, әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 86 500 теңгені құрады.
