Жаңалықтар

INFO MONITORING ШАҒЫМЫНАН КЕЙІН АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ ТӘРТІПТІК ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының лауазымды тұлғаларының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң талаптарын бұзғанын анықтады. Атап айтқанда, азаматтардың өтініштерін тиісінше қарамаған.

Бұған INFO MONITORING редакциясының басқарманың медициналық ұйым басшыларына, олардың орынбасарлары мен бас бухгалтерлеріне 2023-2025 жылдары төленген сыйақыларды қайтару мәселесіне қатысты журналистік сауалға толық жауап бермеуіне байланысты шағымы себеп болған.

Алғашқы жауапта басқарма сұратылған сандық және қаржылық мәліметтерді ұсынбаған. Оның орнына тиісті рәсімдердің әлі жалғасып жатқанын, дербес деректер мен қызметтік ақпаратты қорғау қажеттігін алға тартқан. Алайда редакция дербес деректерді сұратпаған.

Осыған ұқсас сауал Денсаулық сақтау министрлігіне жолданып, кейін басқармаға қайта бағытталған соң, ведомство сұралған ақпаратты ұсынған. Мәліметке сәйкес, төленген сыйақының жалпы сомасы шамамен 500 млн теңгені құраған. Оның 80 млн теңгеге жуығы ерікті түрде қайтарылған. Сондай-ақ жеті медициналық ұйымның сотқа жүгінгені белгілі болды.

Екі жауапқа да басқарма басшысының орынбасары Тәжімұрат Ермек Атшыбайұлы қол қойған. Алғашқы жауаптың орындаушысы ретінде құқықтық жұмыс бөлімінің статист-маманы Кулманов Галимжан Мирзаевич көрсетілген.

Шағымды қарау қорытындысы бойынша Департамент заңнама талаптарының бұзылғанын анықтады. Қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін Тәжімұрат Ермек Атшыбайұлына 2026 жылғы 3 қарашадағы бұйрықпен тәртіптік жаза қолданылды. Сонымен қатар басқармаға қызметкерлер арасында заңнама талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі туралы хат жолданды.

Алғашқы жауапты дайындаған орындаушыға тәртіптік шара қолданылмаған. Департаменттің жауабында Кулманов Галимжан Мирзаевичтің жауапкершілікке тартылғаны немесе оған қатысты тексеру жүргізілгені туралы ақпарат жоқ.

Біз басшылар мен олардың орынбасарлары жауап хаттарының жобасын көбіне өздері дайындамайтынын түсінеміз. Бұл жұмысты лауазымды тұлғалар сенім артуға мәжбүр болатын қызметкерлер атқарады. Алайда бұл жағдай құжаттың толықтығын, негізділігін және заң талаптарына сәйкестігін тексермей қол қоюдың қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін айқын көрсетеді. Қол қойылған құжат үшін жауапкершілік оған қол қойған лауазымды тұлғаға жүктеледі.

Редакция қызметкерлері Тәжімұрат Ермек Атшыбайұлын білікті мемлекеттік қызметші әрі заң талаптарын жақсы білетін маман деп санайды. Ол осы жағдайдан сабақ алып, алдағы уақытта қол қоюға ұсынылған жауаптардың мазмұнын, әсіресе журналистік сауалдар мен қоғам үшін маңызды ақпаратқа қатысты құжаттарды жеке өзі тексереді деп үміттенеміз.

Сонымен қатар заңнамада тәртіптік жауапкершіліктен бөлек, әкімшілік жауапкершілік те қарастырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-1-бабына сәйкес, ақпарат беруден заңсыз бас тарту немесе біле тұра жалған ақпарат ұсыну 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал ашық ақпаратты қолжетімділігі шектеулі ақпарат санатына заңсыз жатқызған лауазымды тұлғаларға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген.

INFO MONITORING ақпарат агенттігі қабылданған шешімге заңда белгіленген тәртіппен шағымдану құқығын өзіне қалдырады.

Back to top button