Қазақстанда мектеп оқушыларына медициналық сүйемелдеу тәсілі өзгеріп жатыр. Профилактикалық тексерулерді цифрлық диагностикалық жабдықтарды қолдану арқылы өткізу, ал тексеру нәтижелерін бірден электрондық медициналық жүйелерге енгізу жоспарлануда.
6-7 тамыз күндері Денсаулық сақтау министрлігі Маңғыстау және Атырау облыстарында жұмыс кеңестерін өткізді. Оларға алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарының өкілдері мен мектеп медицина қызметкерлерін қоса алғанда, денсаулық сақтау саласының 400-ден астам маманы қатысты.
Жаңа модельдің негізгі мақсаты – балалардың денсаулық жағдайын тұрақты бақылау. Қауіп факторлары анықталған жағдайда ақпарат қосымша тексеру жүргізу және бақылауға алу үшін тиісті мамандарға жедел беріледі.
Сонымен қатар «Саламатты мектеп» жобасына ерекше мән берілуде. Жоба профилактикалық жұмысты күшейтіп, оқушылардың салауатты өмір салтының тұрақты дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Осылайша, мектеп медицинасы бір реттік тексерулерден цифрлық мониторингке және денсаулыққа қатысты ықтимал проблемаларды ерте анықтау жүйесіне көшіп жатыр. Сонымен қатар медицина ұйымдарының кадрлық әлеуетін арттыру және цифрлық инфрақұрылымын дамыту жоспарлануда.
