Жаңалықтар

БЕЙНЕЖАЗБА ЖӘНЕ РЕСМИ ХАТТАМА: АЗАМАТТАРДЫ ҚАБЫЛДАУ ТӘРТІБІ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ

Бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік органдар мен әкімдіктер басшыларының жеке және заңды тұлғаларды жеке қабылдауын ұйымдастыру қағидалары нақтыланғанын жазған болатынбыз. Бұл жарияланымда 2026 жылғы тамызда күшіне енген жаңа тәртіптің негізгі талаптарына тоқталамыз.

Жаңа тәртіптегі басты жаңалықтардың бірі — қоғамдық қабылдау бөлмелері мен азаматтарды қабылдау орталықтарында өтетін кездесулерді аудио және бейнежазбаға міндетті түрде түсіру. Қабылдау басталғанға дейін қызметкерлер жабдықтардың жарамдылығын тексеріп, жазбаларды заңнамада белгіленген тәртіппен сақтауға тиіс.

Әр қабылдаудың қорытындысы бойынша өтініш берушіге ресми хаттама беріледі. Құжатта қабылданған шешім, лауазымды тұлғаның тапсырмалары және оларды орындау мерзімдері көрсетіледі. Қол қойылған хаттама үш жұмыс күні ішінде «Электрондық өтініштер» жүйесі арқылы өтініш берушіге жолданады. Бұған дейін мұндай құжат негізінен ішкі сипатта болған.

Сонымен қатар азаматтардың жекелеген санаттарына кезектен тыс қабылдауға қатысу құқығы сақталады. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген тұлғалар, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, еңбек ардагерлері, мүгедектігі бар адамдар, жүкті әйелдер, сондай-ақ «Алтын Қыран», «Халық қаһарманы» және «Қазақстанның Еңбек Ері» мемлекеттік наградаларының иегерлері бар.

Бұдан бөлек, өтініш берушінің қалауымен қабылдау бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілуі мүмкін. Ал қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты шектеу шаралары енгізілген жағдайда, осы формат міндетті болады.

Бірыңғай қағидалар министрлер мен облыс әкімдеріне ғана емес, аудан, қала, ауыл, кент және ауылдық округ әкімдеріне, сондай-ақ мәслихат төрағаларына да қолданылады. Олар азаматтарды жеке қабылдауды кемінде айына бір рет өткізуге тиіс.

Егер лауазымды тұлға сырқатына немесе іссапарға байланысты қабылдау өткізе алмаса, қоғамдық қабылдау бөлмесіне бұл туралы кемінде екі жұмыс күні бұрын хабарлауы қажет. Ал өтініш берушілер кездесудің кейінге қалдырылғаны туралы дереу хабардар етіледі.

Жаңа тәртіп Үкіметтің 2026 жылғы 28 шілдедегі №663 қаулысымен бекітілді.

Back to top button