Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі саяхатшылар мен туристік бизнес өкілдеріне арналған бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптастыру мақсатында саланы цифрлық трансформациялау жобаларын іске асыруды жалғастырып жатыр.
Негізгі бағыттардың бірі — туристік ағындарды есепке алу және мониторинг жүргізуге арналған eQonaq ақпараттық жүйесін дамыту. Қазіргі уақытта жүйеде 900 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген. Платформаны толыққанды өндірістік пайдалануға беру биылғы күзге жоспарланған.
Сонымен қатар елдің негізгі туристік ресурстарын біріктіретін ұлттық Kazakhstan.travel туристік порталын іске қосуға дайындық жүргізілуде. Платформаны пайдалануға беру 2026 жылғы желтоқсанға жоспарланған.
Жаңа портал сегіз тілде жұмыс істейді және пайдаланушыларға туристік бағыттар, іс-шаралар афишасы, тақырыптық материалдар, фотогалереялар мен Қазақстанның көрікті жерлері бойынша интерактивті 3D-турлар секілді кең ауқымды сервистерді ұсынады.
Жобаның маңызды бөлігі ретінде жасанды интеллект негізіндегі AI-ассистент енгізіледі. Оның көмегімен туристер туристік нысандар туралы ақпарат алып, саяхат маршруттарын құрастырып, қажетті қызметтерді жылдам таба алады.
