Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАННЫҢ АВТОӨНЕРКӘСІБІ ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ ӨТІП ЖАТЫР

Қазақстан автокөлік өндірісін ұлғайтып, саладағы жергіліктендіру деңгейін арттыруды жалғастыруда. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, соңғы жылдары отандық автоөнеркәсіп жаңа деңгейге көтерілді. Егер 2010–2019 жылдары елімізде жылына 3 мыңнан 50 мыңға дейін автокөлік шығарылса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 171 мыңнан асты. Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында кәсіпорындар 94,4 мың автокөлік құрастырды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35%-ға көп. Жыл соңына дейін өндіріс көлемін 190 мың бірлікке жеткізу жоспарланып отыр.

Соңғы бес жылда саланы дамытуға шамамен 457 млрд теңге инвестиция тартылды. Қазір негізгі назар автокомпоненттер өндірісін ел ішінде кеңейтуге аударылып отыр. Қазақстанда бүгінде шиналар, аккумуляторлар, қозғалтқыш бөлшектері, орындықтар, мультимедиялық жүйелер мен металл бұйымдары шығарылады. Сонымен қатар бамперлер, электр сымдары, доңғалақ дискілері және лак-бояу материалдарын өндіру жолға қойылуда.

Өткен жылы KIA Qazaqstan және Astana Motors Manufacturing Kazakhstan жоғары технологиялық екі жаңа автозауыты іске қосылды. Сондай-ақ 2028 жылға дейін жеңіл және коммерциялық автокөліктер өндіретін жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.

Министрдің мәліметінше, қытайлық серіктестермен бірлесіп Қазақстанда Li Auto, OMODA және JAECOO автокөліктерін шығару, SITRAK маркалы жүргізушісіз магистральдық тартқыштарды өндіру, сондай-ақ BYD компаниясымен бірлесіп жоғары жылдамдықты қуаттау станцияларының желісін дамыту көзделіп отыр.

Сонымен қатар жүк техникасын өндіру бағыты да қарқынды дамуда. Қазір Scania және HOWO кәсіпорындары жұмыс істеп тұр. Ал биылғы жылдың соңынан бастап Hyundai Trans Auto жыл сайын VOLVO маркалы 500-ге дейін тартқыш шығаруды бастайды. Бұдан бөлек, Barys Truck Manufactory компаниясы XCMG-мен бірлесіп электрлі жүк көліктерін өндіру жобасын жүзеге асыруда.

Қазіргі таңда автоөнеркәсіп саласында 10 мыңнан астам адам еңбек етеді. Кәсіпорындар өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін бақылауға арналған жасанды интеллект жүйелерін қоса алғанда, цифрлық технологияларды енгізіп жатыр. Сонымен бірге колледждер мен жоғары оқу орындарымен бірлесіп кадр даярлау бағдарламалары кеңейтілуде.

Back to top button