Алматы облысында 2026 жылдың сегіз айында жүргізілген бақылау іс-шаралары барысында 146 өнім түрі тексерілді. Оның 115-інде заңбұзушылық анықталды. Бұл тексерілген өнімдердің жалпы санының 78%-ын құрады.
Анықталған заңбұзушылықтар бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне тиісті шаралар қабылданды. 8 593 775 теңге көлемінде 104 әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар 11 материал ведомствоаралық бақылау органына жолданды.
Ең көп таралған заңбұзушылық – таңбалауға қойылатын талаптардың сақталмауы. Мұндай 92 жағдай анықталды. Бұдан бөлек, 43 жағдайда санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылғаны белгілі болды.
Бақылаудың негізгі бағыттарының бірі – азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Департамент мамандары ветеринариялық инспекциямен бірлесіп, белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін өнімдерді анықтап жатыр. Нәтижесінде айналымнан 165 импорттық жұмыртқа мен 13 келі құс еті алынып, жойылды.
Заңбұзушылықтарды анықтаумен қатар, кәсіпкерлер арасында профилактикалық жұмыстар да жүргізіледі. Оларға өнімді таңбалау, сақтау, өткізу және азық-түлік қауіпсіздігіне қойылатын талаптар түсіндіріледі.
Бақылау іс-шаралары ветеринариялық инспекциямен және Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлесіп жүргізіледі.
