Маңғыстау облысы бойынша ҚМА Жаңаөзен көпбейінді қалалық ауруханасының күйік бөлімшесін ашуға бөлінген 223 млн теңгені жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.
2025 жылы бұл қаражат «ӨзенМұнайГаз» АҚ тарапынан демеушілік көмек аясында «Жарылқау» қоғамдық қорына аударылған. Бастапқыда жоба медициналық жабдықтың сегіз түрін сатып алуды және мамандарды оқытуды көздеген.
Кейіннен жоба шарттары өзгертіліп, аурухананы кешенді жабдықтаудың орнына «AKBS Invest» ЖШС-мен 210 млн теңгеге күйікке арналған екі төсек сатып алу туралы шарт жасалған. Тергеу нұсқасы бойынша, мұндай сомаға жабдық сатып алу белгіленген тәртіпті айналып өтіп, бірыңғай дистрибьютор арқылы жүзеге асырылмаған.
ҚМА мәліметінше, іс жүзінде жабдыққа 92 млн теңге жұмсалған. Тергеу нұсқасы бойынша, қалған қаражат үлестес кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, болжамды схемаға қатысушылар арасында бөлінген.
Іс бойынша аурухана директорының орынбасары, «Жарылқау» қоғамдық қорының басшысы, Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары және жеткізуші компанияның өкілі фигурант ретінде танылған. Әкімнің бұрынғы орынбасарына қатысты ҚР ҚК-нің 361-бабы бойынша тергеу жүргізілуде.
Үш күдікті қамауда отыр. Сот олардың мүлкін, атап айтқанда, екі пәтерге, екі тұрғын үйге және автокөлікке тыйым салуға санкция берген. Тергеу дерегінше, «AKBS Invest» ЖШС өкілі Астана қаласынан пәтер сатып алып, оны үшінші тұлғалардың атына рәсімдеген.
Тергеу жалғасып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді.
