Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНДА ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ДИАГНОСТИКА ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛА ТҮСТІ

Қазақстанда онкологиялық қызметті жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Заманауи диагностика, емдеу және аурудың алдын алу әдістерін қолдану ауқымы кеңейіп келеді.

2026 жылдың алғашқы алты айында компьютерлік томографиямен біріктірілген позитронды-эмиссиялық томография (ПЭТ/КТ) бойынша 17,4 мың зерттеу жүргізілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,6%-ға жоғары. Иммуногистохимиялық зерттеулердің саны да едәуір артты. Атап айтқанда, 2024 жылы 33,6 мың зерттеу жүргізілсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 65,1 мыңға жетті. Мұндай зерттеулер ісіктің ерекшеліктерін дәлірек анықтап, емдеу тактикасын дұрыс таңдауға мүмкіндік береді.

Қазіргі заманғы сәулелік терапиямен емделуге мұқтаж пациенттердің 65%-ы қамтылған. Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың жаңа корпусы ашылғаннан кейін Қазақстанда алғаш рет протондық терапия қолжетімді болды. 2026 жылдың алты айында 3 897 протондық емдеу процедурасы және 9 239 сәулелік терапия сеансы өткізілді.

Онкологиялық скринингпен қамту көрсеткіші де өсіп келеді. Бірінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш 37,6%-дан 41,7%-ға дейін артты. 2025 жылы еліміздің көптеген өңірлеріндегі онкологиялық орталықтар құны 27 млрд теңгеден асатын заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілді.

2026 жылдың соңына дейін жоғары дәлдіктегі диагностика бойынша алғашқы референс-орталықтарды, Қарағанды облысында жаңа ПЭТ/КТ орталығын ашу және өңірлік медициналық ұйымдарды қосымша жабдықтау жоспарланып отыр.

Жаңғыртудың басты мақсаты – ауруды ерте анықтаудан бастап нақты диагноз қою мен уақтылы емдеуге дейінгі пациенттің жолын барынша қысқарту. Атқарылып жатқан жұмыстар 2023–2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында жүргізілуде.

Back to top button