Жаңалықтар

АЛДЫН АЛА ШАРТСЫЗ ТӨЛЕМ: КЛИЕНТ 250 000 ТЕҢГЕНІ ҚАЛАЙ ҚАЙТАРДЫ

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау тәжірибесінде алдын ала төлем «қайтарылмайды» деген сылтаумен қайтарудан бас тарту жағдайлары жиі кездеседі. Алайда мұндай ұстаным әрдайым заңды бола бермейді.

Ақмола облысының тұрғыны мейрамхананы брондау үшін 250 000 теңге көлемінде алдын ала төлем жасап, ақшаны Kaspi қосымшасы арқылы әкімшінің жеке шотына аударған. Бұл ретте қызмет көрсетуге қатысты ешқандай шарт жасалмаған. Бес күннен кейін тұтынушы іс-шарадан бас тартып, мекемені хабардар еткен, алайда оған қаражатты қайтарудан бас тартылған.

Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңының 10-бабына сәйкес, тұтынушы қызмет туралы толық әрі шынайы ақпарат алуға құқылы, оның ішінде төлем және қаражатты қайтару шарттары да бар. Егер мұндай талаптар жазбаша түрде бекітілмесе, «қайтарылмайды» деген сілтеме заңды күшке ие болмайды. Қаражатты ұстап қалуға тек нақты шығындар болған жағдайда ғана жол беріледі және оны қызмет көрсетуші дәлелдеуі тиіс.

Іске Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің қызметкерлері араласқан. Нәтижесінде қаражатты ұстап қалуға құқықтық негіздер болмағандықтан, алдын ала төлем толық көлемде өтініш берушіге қайтарылды.

Back to top button