Астана тұрғыны сервис орталығына жөндеуге апарған ноутбугы бұрынғы ақауынан арылмай, керісінше, қосымша зақымдалғаннан кейін, оған төлеген 480 мың теңгесін толық қайтарып алды.
Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, ноутбук мерзімді түрде қатып қалып, өздігінен қайта жүктеле бергендіктен, кепілдік жөндеуге тапсырылған.
Алайда екі аптадан кейін құрылғыны алған кезде иесі бастапқы ақаудың әлі де жойылмағанын байқаған. Бұған қоса, ноутбук корпусының бұрышында майысқан жер пайда болған.
Сонымен қатар техниканың жөндеуге тапсырылған кездегі сыртқы жағдайын тіркейтін құжат тұтынушыға берілмеген. Сатушымен мәселені тікелей шешу әрекеті де нәтиже бермеген. Анықталған зақымдарды жою және сапалы жөндеу жүргізу туралы жазбаша талап-арыз жауапсыз қалған.
Департаментке жүгінгеннен кейін құқықтық және түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мәселе сотқа жүгінбей-ақ шешілді. Нәтижесінде сатып алушыға ноутбуктың толық құны – 480 мың теңге қайтарылды.
Ведомство өкілдері техниканы сервис орталығына тапсырған кезде оның сыртқы жағдайы толық сипатталған қабылдау-тапсыру актісін талап ету маңызды екенін еске салады. Құжатта сызаттар, сынықтар және басқа да ақаулар көрсетілуі тиіс. Бұл құрылғының бастапқы жағдайын тіркеп, дау туындаған жағдайда иесінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді.
